Шаһардың ескі және жаңа бөлігін қосатын көпір салынуда

Ақтөбе көпіріАқтөбе  қаласында  көлік кептелісінің алдын алу мақсатында жаңа көпір салынуда.

Бұл көпір- шаһардың ескі және жаңа бөлігін қосатын төте жол болмақ. Сонымен қатар қала көшелері кеңейтіліп, жолдар жөнделмек. Бұл жоспарға шаһар маңындағы 5 ауылдық округ те енгізілді.

Соңғы 50 жылда Ақтөбеде жаңа көпір салынбаған екен. Ұзындығы 400 метр болатын, 4 жолақты көпір пайдалануға берілгенде, қаладағы көлік кептелісі азаймақ. Бұл – сондай-ақ, қаланың ескі және жаңа бөлігін қосатын тура жол.

Қаланың қақ ортасынан көпір салу үшін 4  үй бұзылып, 27 отбасы жаңа орынға көшірілген. Бюджеттен 4 млрд теңге  бөлінді. Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Мердігер компания көпірді мезгілінде тапсырса, қыркүйек айында пайдалануға беріледі.

Руслан ТӨРЕҒАЛИ, қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бұл көпір қала аумағындағы 3-теміржол бойындағы өткел болып табылады. Яғни, бұл көпір қаланың мөлтек аудандары мен ескі бөлігін қосады.

Көпірді Алматылық компания салып жатыр. Жұмысшылардың жетпіс пайызын жергілікті жерден алған. Екі бригада екі ауысыммен күндіз -түні жұмыс істейді. Алып көпірді тұрғызуға 150 адам тартылған. Құрылыс материалдарын да жергілікті кәсіпорындардан алады.

Владислав ГОРЕМЫКИН, учаске бастығы:

- Бүгінгі таңда инженерлік желілерді қайта тарту жұмыстары толықтай аяқталды. Іргетасы мен тірегін орнату жұмыстары да бітіп тұр. Жоғарғы бөлігінің қиылысқан жерлерін монтаждау 80 пайызға аяқталды.

Қаладағы көлік кептелісін азайту үшін орталықтағы Мәншүк Мәметова атындағы көше кеңейтілмек. Ол 3 жолақты болады. Көлік ағыны көп өтетін көшемен қоғамдық көліктер де жүреді. Сондықтан таңертеңгі және кешкі мезгілде кептелісте тұрып қалады.

Тағы бір ауқымды жұмыс «Зауыт» көшесінде жүреді. Көше 18 метрге дейін кеңейтіліп, 4 жолақты болмақ. Сонымен бірге, осы көшемен өтетін теміржолдың үстіне жаңа өткел салынады.

www.24.kz